Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, дамыту бағытына байланысты. №280 мектеп бұл тұрғыда үдеден шыққан білім ордасы деуге толық негіз бар. Білікті мамандар шоғырланған бұл мектеп жыл сайын білімді оқуышларды үлкен өмірге қанат қақтырады. Қазіргі таңда мектепте барлығы 39 мұғалім жұмыс істейді.
Биыл 2021-2022 жаңа оқу жылында 410 бала білім алуда. Оның 120-сы жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» шағын ауданынан келіп қосылған. Ал биыл мектеп табалдырығын 40 оқушы аттаған. Бұдан бөлек мектеп алды даярлықта 22 бала білім алуда. Былтыр білім ордасын 22 оқушы бітірген. Оның ішінде 18 оқушы мемлекеттік білім грантын жеңіп алса, қалған төртеуі ақылы негізде білім алуда. Ал биылғы оқу жылында 30 оқушы мектеп бітірмек.
Білім ошағында оқушыларға көмекте қарастырылған. Киім-кешек, арнайы оқу-құралдарымен қатар 140 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
– Мектеп ұжымы үшін пандемия қиынға соқты. Балаларға білім беру мәселесіне байланысты қиындықтар туындады. Бірақ бәрін қолдан келгенше реттедік. Білім беру жүйесі қашықтан болған соң 23 планшет, 64 ноутбук, 15 компьютер барлығы 102 техникалық жаңа құрылғылар алынды. Аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына 15 компьютер келісім негізінде таратылып берілді. Мектеп оқушылары қашықтан өткізілетін білім сайыстарына қатысты. «Шын мықтыға тұсау жоқ» дегендей осындай қиын сәттерде де пәндік олимпиадалар мен түрлі онлайн додаларда оқушыларымыз жүлделі орындар алды, – деді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мырзабек Есжанов.
№280 негізгі мектебінде пәндік кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда медициналық көмек көрсететін арнайы кабинеттен бастап, оқушыларды еңбекке баулитын тігін машиналары мен станоктар қойылған бөлмелер бар. Мектеп басшысы балалардың ерте еңбекке араласуына, еңбексүйгіш болып өсуіне әсері мол екенін айтады. Бұдан бөлек білім ордасында балалар жаттығатын арнайы алаң мен спорт зал және 2 бөлмеден тұратын кітапхана жұмыс істейді. Кітап қоры 10000-ды құрайды. Сондай-ақ биылдан бастап инклюзивті кабинет ашылған. Мұнда дефектолог балаларға көмек көрсетеді.








