«Елу жылда – ел жаңа» дейді қазақ. 2013 жылдың қыркүйегінде заманауи үлгідегі жаңа типтік жобада салынған 100 орындық мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, «Казрис» негізгі мектебі болып құрылды. Бұл ұлы істің бас-аяғында жүріп, ауыл балаларының жаңа мектепте оқуына ықпал еткен жанның бірі Сейтқали Бегманұлы Алшынбаев еді. Бұл кісі бүгінде республикаға танымал кәсіпкер, білім меценаты.
Мектеп жаңадан бой көтергенге дейін апаттық жағдайда болған. Меценат осы жағдайды көрген соң қаражат салып, тәуекелге бел байлап Досан ауылының балаларына мектеп салуды қолға алады. Білім ошағын салуға қажетті қаржының жартысын мемлекет, жартысын өзі шығарып су жаңа мектепті салады. Бұл Сейтқали Бегманұлының Досан ауылының балаларына сыйлаған үлкен жақсылықтарының бірі.
2016 жылдың қазан айынан бастап қалалық білім бөлімінің және облыстық білім басқармасының ұсыныстары бойынша қала әкімінің шешімімен №280 негізгі мектебі болып қайта өзгертілді. Бүгінде жаңа білім ордасы қажет жабдықпен, арнайы бөлмелермен толық қамтамасыз етілген. Тарих тағылымы ретінде мектепте Досан атындағы мұражай ашылып, ауылдан соғысқа аттанған ҰОС ардагерлерінің деректері қойылған. Бұл игі іс жас ұрпақтың бойына патриоттық тәлім тәрбие беру және отансүйгіштікке, туған жерді құрметтеуде алар орыны ерекше болып қала беретіндей.
Дана халқымызда «Ұрпағы білімді халықтың – болашағы кемел» деген нақыл сөз бар. Осы ретте ұстаздар қауымына салмақты жауапкершіліктің артылғаны белгілі. Бүгінде бұл мектеп ұжымында өз мамандығын қалыптастыра білген, жас мамандардың әрдайым ақылшысы, үнемі ізденісте жүретін ұлағатты ұстаздар баршылық. Мырзабек Есжанов, Гүлжаһан Мамырбаева, Гүлбану Сатбаева, Айнаш Смаева, Айнұр Тулекова, Айгүл Қуанышбаева, Гүлмира Қожбанова, Жеңіскүл Қалиева, Ақжарқын Нұрқасымқызы, Индира Майлыбаева, Күлзада Үргенішбаева, Гүлден Акимова, Мөлдір Альсугурова сынды ұстаздар біздің сөзімізге дәлел бола алады. Себебі бұл мұғалімдер бойында ерекше дарыны бар балаларды қалалық, облыстық оқу, өнер сайыстарына үздіксіз қатыстырып, білімдерін ұштаумен қатар шәкірттерінің өз бойындағы дарынын көрсетуіне ықпал етіп жүрген жандар. Олар әр баланың жетістікке жетуі үшін күн-түн демей еңбек етіп, оқушы бойына білім дәнін сеуіп келеді.
– «Ескіні ескермей, жаңаны жаңартуға болмайды» дейді халқымыз. Маған дейін басшылықта қаншама мектеп басшылары болды.
Бағымызға орай, бүгінде мектеп ұжымының, оқушылардың жеткен жетістігі аз емес. Қазір мектепте ән, волейбол, баскетбол, футбол, таэквандо, дзюдо, шахмат т.б. үйірмелер жұмыс жасайды. Биылдан бастап мектепте жаңадан штат ашылып, дефектолог маман жұмыс істеп жатыр. Педагог-психолог және дәрігеріміз бар. Алда коворкинг орталығы ашылмақ. Жалпы мектепте 70 қызметкер болса, соның барлығы балалардың жағдайы жақсы болуы үшін жұмыс істеуде, – деді мектеп басшысы Жанат Шамшатқызы.








