Сақ болыңыздар!!!

Кене шағу белгілері

  • дене қызуының көтерілуі;
  • бастың ауруы;
  • құсу, лоқсу;
  • әлсіздену, арқаның талып, буындардың ауруы;
  • беттің, арқаның кеуденің, көздің қызаруы.

Кене шағып алса

Кене шағып алған жағдайда мүмкіндігінше денсаулық сақтау орындарына барған дұрыс. Егер оған баруға мүмкіндіктер болмаса онда арнайы тәртіптерді сақтай отырып, денедегі кенені алып тастау керек. Оны бірден жұлып алған жағдайда, мұртшалары теріде қалып кетуі мүмкін. Сондықтан, барынша абайлап алу керек.

Кене шағып алған күннің өзінде абдыраудың қажеті жоқ. Тек мына алғышарттарды есте сақтау керек:

Қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек.

Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау керек. Егер шықпаса, хирургке қаралу керек.

Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен өңдеу керек. Кейде кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін. Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып көзін құртқаныңыз жөн.

Қалай сақтану керек?

Табиғат аясында демалып үйге келгеннен кейін денедегі киімдеріңізді қағып, жақсылап қарап шығыңыз. Әсіресе, құлақтың артын, басты, шаштардың, саусақтардың арасын тексеріп шығыңыз.

Ал табиғат аясына шыққанда мына қарапайым ережелерді сақтану керек:

Табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім киюге тырысыңыз. Бұл киімге жабысқан кенені бірден тауып алуға көмектеседі. Сондай-ақ, етек-жеңі ұзын, жабық киімді таңдаңыз. Киген киіміңіз денеге тиіп тұрғаны абзал. Шалбарды міндетті түрде етіктің ішіне салып, басыңызға міндетті түрде бас киім немесе орамал тағу керек.

Киімдерді тазалау кезінде арнайы жабыстыратын құралды пайдалануға болады.

Сақтық шаралары үшін кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдалануға болады.

Кенелер қалың шөптердің арасында жасырынатындықтан, көк шөпте отырмауға, ойнамауға кеңес береміз. Орманды жерлерде ағаштар мен шөптерді, тіпті, гүлдерді де жұлмаңыз, себебі өсімдіктегі кенелер үстіңізге жабысып қалу қаупі бар.

Серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз, шашыңызды тарақпен тараңыз.

Кене адам терісіне қонған соң жарты сағаттай шағатын орын іздейді, сондықтан мұқият болсаңыз кене шағудың алдын алуға болады.